Жалынды жастар мерекесі
Аққағаз Досжанова атындағы конференц-холлда 17 қараша – Халықаралық студенттер күніне арналған «Жалындаған жастық шақ» атты мерекелік шара өтті. Кеш шымылдығы халықтық ұжым «ЖасSTAR» би ансамблінің әдемі биімен ашылды.
Салтанатты шарада студенттерді құттықтап, сөз сөйлеген университет ректоры Әсет Қалиев:
– Сіздерді 17 қараша – Халықаралық студенттер күні мерекесімен құттықтаймын! Қызығы мол студенттік шақ – адам өміріндегі ұмытылмас, қимастық кезеңдердің бірі.
«Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» деген сөз бар. Әрине, дәрігер мамандығының жауапкершілігі мол. Басты байлық – адам денсаулығы және оның өміріне араша түсу талмай еңбек етуді, мұқияттылық пен кәсіби біліктілікті талап етеді.
Өткенге көз жүгіртсек, 66 жылдық тағылымды тарихы бар оқу орнымызды 30 мың түлек тәмамдаған. Олардың қатарында дүйім жұртқа белгілі ақ халатты абзал жандар да бар. Университетімізде студенттердің сапалы білім алып, қоғамдық жұмыстармен айналысуларына барлық жағдай жасалған. 7050 студент білім алады. Болашақтарыңыз жарқын болсын! – деп тілегін білдірді.
Бұдан соң университет басшысы Әсет Қалиев республикалық, облыстық, университетішілік байқауларда жеңімпаз атанған және түрлі қоғамдық іс-шараларға қатысып, оқу орнының мерейін үстем еткен сондай-ақ жастар саясатын жүзеге асыруға зор үлес қосып жүрген бір топ студенттерді Алғыс хаттармен марапаттады.
Жиналған қауым концерттік бағдарлама мен Жайдарман ойынын тамашалады. Сайыста алты команда жолдастық кездесу өткізіп, өзара сынға түсті. Университеттің жастар ісі жөніндегі бөлім жетекшісі Мирамгүл Серікқалиқызы және Жайдарман ойындарының ұйымдастырушысы, «Оспанов құрамасы» КВН командасының жетекшісі Айнұр Жәнібекқызы командаларға алғыстарын білдірді.
Көтеріңкі көңіл күй сыйлаған мерекелік шара жастардың би кешіне ұласты.