Түлектер мен таланттылар мерекесі
Аққағаз Досжанова атындағы конференц-холлда жастар ісі жөніндегі қызметі және «МедStars» студенттік ұйымының ұйымдастыруымен «Жалынды жастар: кеше және бүгін» атты түлектер кездесуі және «МедStars» студенттік ұйымының 1 жылдығына арналған мерекелік шара өтті. Оған аталған оқу орнын 2011-2022 жылдар аралығында бітірген түлектер мен студенттер және ұжым мүшелері қатысты.
Кешке жиналған қауымды құттықтаған университет ректоры Әсет Қалиев:
– Құрметті оқу орнымыздың түлектері мен талантты жастары! Сіздерді «МедStars» студенттік ұйымының 1 жылдық есеп беру шығармашылық кешімен шын жүректен құттықтаймын!
66 жылдық тағылымды тарихы бар университет қабырғасында көптеген түлектеріміз білім алып қана қоймай, қоғамдық жұмыстармен де айналысып, үлкен өмір жолына жолдама алды. Сіздер – сол аға-апаларыңыздың ізін жалғастырушысыздар. Жылдан-жылға өнерлі, белсенді студенттеріміздің қатары көбейіп келеді. Әрине, бұл – қуантарлық жағдай. Оқу мен өнерді қатар алып жүру – үлкен жауапкершілік. Мерейлеріңіз әрқашан үстем болсын! – деп 2011-2022 жылғы түлектерді және «МедStars» студенттік ұйымының белсенді мүшелерін Алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар жастар ісі жөніндегі қызметінің жетекшісі Мирамгүл Жұмағалиева «ЖасStar» халықтық би ансамблі мен «Оспанов құрамасы» КВН командасына Алғыс хаттар табыстады.
Өз кезегінде сөз алған түлектер университет басшылығына, ұстаздарына және өнерге баулыған апайларына жүрекжарды тілектерін білдірді. Сонымен қатар төрт отбасылы түлек оқуда озат, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген төрт студентке бір жылдық шәкіртақының сертификаттарын салтанатты түрде табыстады.
Шараның өн бойы университет көркемөнерпаздарының мерекелік концертімен өрілді.
«МедStars» студенттік ұйымының жетекшісі, жалпы медицина факультетінің 5-курс студенті Амангүл Русланқызының айтуынша, ұйымның мақсаты – оқу орнындағы өнерлі жастарды бір ортаға тоғыстырып, олардың таланттарын ашып, жаңа қырынан танылуына ықпал ету. «Ұйым құрудағы бастамамызды қолдаған жастар ісі жөніндегі қызметіне алғысымызды білдіреміз», – дейді Амангүл Русланқызы.