Академиктің құрметіне арналды

Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен белгілі ғалым, ұстаз, қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ӘҒА академигі Алтай Тайжанұлының 75 жылдығына арналған «Адам және қоғам» атты студенттердің зияткерлік олимпиадасы өтті. Шара барысында жалпы медицина факультетінің деканы Т.Абилов профессор А.Тайжановтың еңбегі туралы пікір білдіріп, студенттерге сәттілік тіледі.

Олимпиадаға 25 студент қатысты. Зияткерлік сайыс 4 бөлімнен тұрды. 1-кезеңде «Мен қалаған Қазақстан» тақырыбында эссе жазу, екінші турда университеттің белгілі түлектері мен ғалымдары туралы, Абайдың қара сөздерін талдау, профессор А.Тайжановтың «Этномәдени білім мен тәрбие» еңбегі бойынша тапсырмалар берілді. Студенттердің жұмыстарын қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушылары Б.Шәмші, М.Исламов, С.Кумыспаев және тілдер кафедрасының оқытушысы Л.Жұмабайқызы бағалады.

Білім бәйгесінің қорытындысында 1-орынды педиатрия факультетінің 1-курс студенті А.Әмитов, 2-орынды жалпы медицина факультетінің 1-курс, 138-топ студенті А.Тұрдықожаева, 3-орынды педиатрия факультетінің 1-курс, 107-топ студенті Б.Аймұрат иеленді. Және «Үздік ойыншы» номинациясына М.Жақсылықов, Н.Әлімжан, Ш.Құрманаева ие болды.

Барлық жеңімпаздарға университет ректоры Ә.Қалиевтің атынан Алғыс хаттар мен қаржылай сый-сияпаттар табысталды. Шара ұйымдастырушысы Б.Молдин 2024 жылдың сәуір айында университет базасында республикалық зияткерлік олимпиадасы өтетінін айтты.