Қазақи ойшыл, білгір ғалым
Өміріңе мән беріп, өзіңе де, өзгеге де, жалпы халқына қалтқысыз қызмет ететін адал жандар жаныңда жүрсе, бойыңа қуат бітеді. Сондай көңілі таза, игі адамдардың жөні бір бөлек. Сол болмысымен үлкен-кішіні тәнті еткен тұлға — философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Әлеуметтік Ғылымдар Академиясының академигі, Әуезовтанушы Алтай Тайжанов 75 жасқа толып отыр. Бүкіл саналы ғұмырын ол ғылымның кенжелеп қалған саласы саналған қазақ философиясына үлес қосуға арнап келеді, сонымен қатар, жоғары оқу орындарындағы ұстаздық қызметтен де қол үзген емес.
Профессор Алтай Тайжанов ғалым, философ, қоғам қайраткері ретінде Ақтөбе облысы көлемінде ғана емес, елімізден тыс жерлерге де танымал. Оның өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ұлтымыздың құндылықтарын насихаттауға сіңіріп келе жатқан еңбегі орасан. Алтай Тайжанұлы — кәсіби біліктілігінен бөлек, өмірде қарапайым, ақкөңіл, адал азамат. Сондықтан да оның өмір жолы, адамдық болмысы, қоғамдық-педагогикалық қызметі, азаматтық тұлғасы, адамгершілік қасиеті кейінгі толқынға, жалпы көпке үлгі. Қиындығы мен қызығы мол ұстаздықты таңдаған Алтай ағай — әрбір шәкіртінің жүрегінде ғылымның зердесін оятқан ұлағатты ұстаз. Сондай-ақ, ол жамандықтан ада, жақсылыққа жаны құмар, парасат биігінен көріне білген нар тұлға. Ардақты ұстаздың есімін болашаққа самғататын құнды мұралары мен игі істерін тізбелей берсек, томдық кітап шығары анық.
Десек те, Алтай Тайжанұлы қазақстандық философия және қоғамдық ой тарихы, мәдениеті, этномәдени білім мен тәрбие беру мәселелерін зерттеумен айналысады. Оның ғылыми еңбектерінің айтарлықтай бөлігі ойшыл-жазушы Мұхтар Әуезов шығармашылығының дүниетанымдық аспектілерін зерттеуге арналған. «Мұхтар Әуезов шығармашылығының дүниетанымдық өзектері» тақырыбында 1995 жылы докторлық диссертация қорғаған. Тақырыбының өзі — қазақ халқының дүниетанымын тереңнен түсіндіру, кеңінен насихаттау мақсатынан туған қадамы емес пе! Жалпы қазақтың философиясы өмірді ерекше мәнді ететін ынтымақ пен бірлікке, сыпайы сыйластыққа негізделген өзгеше әлем, — дейді профессор Тайжанов.
Ұстаз-аға — еліміздің озық ойлы ғалымдарымен иық тіресе жүріп, ел ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан пайымы мол азамат. Ол ұлт руханияты мен елінің кемелді келешегі үшін ізденіп, кейінгі буынға ілім-білімді дәріптеп келеді. Кең ойлап, терең толғанатын дара қолтаңбасы бар. Ғылым мен білімнің, қоғам мен әлеуметтің сырына шынайы үңілген тұлға. Қазақта «Жақсыдан шапағат» деген сөз бар ғой, Алтай Тайжанұлымен қызметтес бола жүріп, ол кісінің шапағатын көріп келемін, адамгершілігі биік тұлғасынан үлгі-өнеге алып келемін. Жаратылысынан мейірімділік пен жақсылыққа жаны құмар ағаның әр сөзi, әр қимылы, ұрпақ, ұлт рухы хақындағы толғанысқа толы пайым-тұжырымдары ұжымымыз үшін тәлімді мектеп боп келеді. Бізге қазіргі уақытта Абай айтқан «Ақылмен ойлап сөйлемек» керек. Кейінгі ұрпақ ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуі тиіс. Сондай тұлғалардың бірі — ғылыми еңбектері арқылы бізбен бірге жасасып келе жатқан Алтай Тайжанұлы дер едім.
Алтай Тайжанов өзінің бүкіл саналы ғұмырын арнаған білім саласының болашағына алаңдайды. Білімнің стратегиялық маңызды сала екенін, ұлттық білім жүйесін нығайту жолында жас ғалымдар аянбай етуі керек деп санайды. Профессор Алтай Тайжановтың ұзақ жылдар бойғы еңбегі лайықты бағаланып, ол «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанып, «ҚР ғылымын дамытудағы еңбегі үшін белгісінің» иегері болды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған. Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы.
2004-2017 жылдар аралығында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі болды. Әлі де осы ұжымда абыройлы еңбек етіп келеді.
Қорытындылай айтқанда, белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз Алтай Тайжанұлы кішіге үлгі, ізденушіге ізгілігін таныта білетін арда азамат дегім келеді. Жылы шырайлы жүзімен кез келгенді жанына жақын тартатын, салмақты, салиқалы сөзімен баурап алатын, ағалық қасиетімен қашанда жылы шуағын шаша білетін ерекше адам. Оның білім мен ғылым жолындағы төккен тері мен ерен еңбегі ұлт тарихының жарқын үлгісі екені сөзсіз.
Биыл ардақты ұстаз Алтай Тайжанұлы 75 жасқа толып, ағайын-туысы мен ізбасарларының ыстық ықыласына бөленуде. Жүз жасаңыз, жайсаң жан!