«Зверев оқулары»

Жыл сайын студенттер мен балалар хирургтар ординаторлары Ресейдің Екатеринбург қаласында Орал өңірінде балалар хирургиясының негізін қалаған Алексей Зверевтің құрметіне арналған «Зверевские оқулары» атты балалар хирургтарының Қысқы мектебінде жиналады. Аталған шараға Ресейдің, Беларусь, Қазахстанның, Қырғызстанның көптеген оқу орындарынан балалар хирургтары, студенттері және ординаторлары жиналады. Мектеп Орал мемлекеттік медицина университетінің (ОММУ), балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі м.ғ.д., профессор Наталья Цаптың жетекшілігімен ұйымдастырылып келеді.

Желтоқсан айының 1 мен 3 аралығында университетіміздің балалар хирургтар резиденттері Г.Қонысова, Н.Жақсыбаева, К.Табылды, Н.Қамбар, Б.Бөрі, кафедра доценты Бауыржан Бисалиевтің жетекшілігімен команда құрылып, кезекті VIII халықаралық «Зверев оқулары-2023» атты Қысқы мектебіне қатысты.

Халықаралық мектеп мерекесін ОММУ ректоры профессор О.Ковтун салтанатты түрде ашып, әрбір команда өзінің қаласы мен университетін насихаттайтын көрме көрсетті. «Шәкірт ұстазға» атты ғылыми-практикалық конференциясында БҚМУ командасы атынан баяндама жасалды. Балалар хирургы резиденті Гаухар Қонысова «Ақтөбе облысының шалғай аудандарындағы 6 айлық балаларда жамбас буынының дисплазиясын ерте анықтау» тақырыбында ғылыми жұмысы туралы баяндама жасады.

Сайыстардың алғашқысы «Своя игра» конкурсында командалар медицина тарихынан, медицинадағы әйгілі тұлғалар мен маңызды күндер туралы сұрақтарға жылдам жауап берді.

Профессор-оқытушылар құрамының команда жетекшілері жиналған студенттер аудиториясына балалар хирургиясындағы өзекті мәселелері бойынша екі күн бойы дәрістер өткізді. Доцент Б.Бисалиев «Балалардағы аппендикулярлы перитонит» тақырыбында дәріс оқыды. Ал бассейнде өткен «Суға кеткенді құтқару» атты сайыста командалар жүзу жүйріктігі мен суға батқан адамға көмек көрсетуде шеберлік көрсетіп, дәрежелі диплом иеленді.

«Стационар», «Түңгі кезекшілік», сайыстарында сайыскерлер жасанды кезекшілік қойылымы бойынша балаларға гипстік таңғыш салу, жарақатқа алғашқы хирургиялық өңдеу, лапароскопиялық аппендэктомияны орындау, интракорпоралды тігіс салу, одан басқа қабылдау бөлімінде ата-аналармен сөйлесуде коммуникативті дағдылар деңгейін көрсетті. Бұл сайыстарда да жүлделі болдық. «Құтқарушы-шаңғышылар» сайысында командалар 3 шақырым қашықтыққа шаңғы теуіп келіп, қол-аяғы жарақаттанған науқасқа қан тоқтату таңғышы немесе транспорттық шина салып, кедергілер арқылы тасымалдау бойынша жарысты.

Cайыскерлер балаларға реанимациялық көмек көрсетуде білімін арттырды. Балалардағы жүрек-өкпе реанимациясын арнайы муляждарда жасауды үйренді. Барлық сайыстарда әділқазы құрамы команда жетекшілерінен жасақталды.

Мәдени бағдарламасы «ТвАри» сатира театрының «Рай» қойылымы мен әскери техника мұражайына экскурсиямен өтті.

   

Қысқы мектептің жабылуы Қысқы мектеп ардагері, ОММУ ғылым бойынша проректоры И.Гордиенко сөз сөйлеуімен және әдеттегідей мектеп әнұраны орындалды. Сайысқа қатысушыларға дипломдар, сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Халықаралық студенттік Қысқы мектеп барлық қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғыс білдіре отырып, салтанатты кешпен аяқталды.