Академикке құрмет көрсетілді
Аққағаз Досжанова атындағы конференц холлда философия ғылымдарының докторы, М.Оспанов атындағы БҚМУ профессоры, белгілі ғалым-ұстаз, академик Алтай Тайжанұлының 75 жас мерейтойына арналған «Тәуелсіз Қазақстанның білім мен тәрбие, ғылым философиясының өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-теориялық конференциясы өтті.
Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова академиктың ұзақ жылғы ғылым жолындағы еңбегіне тоқталып, облыс әкімі Асхат Шахаровтың атынан Алғыс хат табыстап, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова да Алғыс хат табыстап, сый-сияпат көрсетті.
Сондай-ақ, университет ректоры Әсет Қалиев көрнекті ғалымның өнегелі өмір жолы кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге және медицина мамандарын даярлау бағытындағы еңбегі де орасан зор екенін айтып, «Адал еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Ғылым жолындағы әріптестері мен ұжымдастары және шәкірттері академикты мерейтойымен құттықтап, егеменді еліміздің ғылым саласының дамуына қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті, құрмет көрсетіп, сый-сияпаттар табыстады.
Сонымен қатар конференцияда академик Алтай Тайжанұлының мерейтойына арналған Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенттері арасында өткен «Адам және қоғам» зияткерлік олимпиадасының жүлдегерлері марапатталып, мерейтой иесінің «Этномәдени құндылықтар туралы ой-толғам» атты кітабының тұсаукесері өтті.