Мейірімділік қоғамдастығы
Алматы қаласында халықаралық сарапшылардың қатысуымен «Мейірімділік қоғамдастығы: Қазақстан паллиативтік жәрдем қауымдастығына 10 жыл» атты VIII республикалық конференциясы өтті. Бұл — Қазақстандағы паллиативтік көмектің ізгілік философиясы мен үздік әлемдік тәжірибесін насихаттайтын қайырымдылық ұйым. Конференция паллиативтік қоғамдастықтың жетістіктерін таныстыруға, көмек ұйымдастырудың жаңа технологияларымен танысуға, Қазақстандағы паллиативтік көмекті дамытудың ағымдағы міндеттері мен перспективаларын талқылауға арналды.
Оған еліміздің әр өңірінен 250-ден астам медициналық, әлеуметтік және психологиялық сала мамандары қатысты. Конференция аясында сарапшылар мен тыңдаушылар паллиативтік көмекті оқыту және практикалық ұйымдастыру мәселелерін кеңінен талқылап, оның әлеуметтік-психологиялық, коммуникативтік және клиникалық аспектілерін талқылады.
Психология кафедрасының жетекшісі, м.ғ.к. А.Миралеева «Марат Оспанов атындағы БҚМУ-да паллиативтік көмек көрсетуде коммуникативтік дағдыларды оқыту тәжірибесі» атты баяндама жасады. Талқылау барысында Қазақстаннан және басқа елдерден келген қатысушылар дәрігер мен пациент арасындағы қарым-қатынас, адамгершілік, жоғары сапалы күтімді қамтамасыз ету үшін қарым-қатынас маңызды екенін айтты.
М.ғ.к., доцент Т.Острецова «ҚР-да паллиативтік көмек бойынша оқу процесін ұйымдастыруды талдау және оны жетілдіру бойынша халықаралық ұсынымдар» және «Ауырсыну терапиясы — паллиативтік көмектегі мәңгілік өзекті мәселе» тақырыптарында баяндама жасап, оқыту мен паллиативтік көмек көрсетудің өзекті мәселелері және оларды шешу жолдарын талқылады.
А.Миралеева мен Т.Острецова «Мейірімділік қағамдастығы» ҚПЖҚ-ның 10 жылдығына орай естелік медальдары және Қазақ онкология және радиология ҒЗИ басқарма төраймы Д.Қайдарова және «Қазақстан паллиативтік жәрдем» қауымдастығының президенті Г.Кунированың Алғыс хаттарымен марапатталды.