Болашағы зор бағдарлама
Профессорлық-оқытушылар құрамының әлеуетін арттырып, ғылыми дәрежесін көтеру, кадр тапшылығын жою — университеттің маңызды стратегиялық даму бағыттарының бірі. Осы орайда ағымдағы жылы оқу орнының кадр әлеуетін арттырып, жас мамандарды оқытушылық қызметке тарту мақсатында университет ректорының бастамасымен алғаш рет «Университет үміті» бағдарламасы іске қосылды.
«Университет үміті» бағдарламасының негізгі міндеті — университеттің кадрлық әлеуетін арттыру, кадр құрамын жасарту, жас мамандарды оқу орнының барлық салаларына кезең-кезеңімен тартуды қамтамасыз ету.
Конкурсқа жоғары медициналық білімі, маман сертификаты, ғылыми жарияланымдары, Pre-Intermediate-тен төмен емес ағылшын тілін меңгеру деңгейі, кафедра жетекшісінің ұсыным хаты бар 35 жасқа дейінгі үміткерлер қатыса алады. Жұмысқа қабылданған жас мамандарды ынталандыру максатында университет жатақханасынан 1 бөлме беріледі, бірреттік 1 000 000 теңге (бір миллион теңге) және 1 жыл ішінде кафедраның ассистенті /оқытушысы штаттық оқытушысының лауазымдық жалақысының 50% мөлшерінде ай сайын үстемеақы төленеді. Бұл ретте үміткер үшін басты шарт докторантураға түсіп, ғылыми жұмыспен айналысу болып табылады.
2023-2024 оқу жылында «Университет үміті» бағдарламасы бойынша 11 қызметкер жұмысқа қабылданды.
Университетіміздің түлектерін «Университет үміті» бағдарламасына қатысуға шақырамыз!