Педиатрия саласының майталманы

Аққағаз Досжанова атындағы конференц холлда Ресей жаратылыстану академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері Балаш Түсіпқалиевтің 80 жасқа толған мерейтойына арналған «Заманауи педиатрия мен неонатологияның жаңа аспектілері» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Көрнекті дәрігер-ғалымның құрметіне арналған шарада университет ректоры Әсет Қалиев ұлағатты ұстаздың өнегелі еңбек жолына, болашақ педиатр мамандарын даярлауға және медициналық қазақ терминологиясына да қосқан үлесі орасан зор екенін ерекше атап өтті.

Жиналған қауым ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың бейнеқұттықтауын тамашалады. Министр өз сөзінде қаншама баланы дертінен айықтырып, халықтың алғысына бөленген ақ халатты абзал жанның медицина ғылымының қарқынды дамуына үлкен үлес қосып, білікті шәкірттер дайындап шығарғанын тілге тиек етті.

Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов облыс әкімі Асхат Шахаровтың атынан құттықтап, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев та өзінің жүрекжарды тілегін білдіріп, «Денсаулық сақтау саласының құрметті ардагері» және университет ректоры Әсет Қалиев «Адал еңбегі үшін» төсбелгілерін табыстады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалы директорының орынбасары Қарлығаш Құрманғазина да филиал басшысының атынан құттықтап, сый-сияпатын ұсынды.

№1 балалар аурулары мен неонатология кафедрасының жетекшісі Ақмарал Жұмалина академиктің өмірбаяны, балалар хирургиясы кафедрасының доценті Жеңісбек Баубеков ғалымның медициналық қазақ терминологиясындағы еңбектері, радиология кафедрасының доценті Алма Елубаева алғаш қазақ тілінде бітірген түлектердің 30 жылдық тарихы туралы мазмұнды баяндамалар жасады.

Сахна төрінде денсаулық сақтау саласының ардагерлері, медициналық мекемелердің өкілдері, университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мерейтой иесін құттықтап, сый-сияпаттарын табыстады.

Конференция соңында №1 балалар аурулары кафедрасы мен түлектері және 1983-1989 жылғы түлектерінің әзірлеген бейролигі көрсетілді.

Балаш Түсіпқалиұлын мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз! Әріптестеріңіз, педиатрлар және студенттер қауымы атынан еңбегіңізге алғысымызды білдіреміз!