Біріктірілген сабақ
№2 жалпы дәрігерлік тәжірибе кафедрасында отбасылық медицина мамандығының 1-курс резиденттеріне арналған «Жұмыс орнындағы жанжалды жағдайды шешу» тақырыбында интеграцияланған ашық сабағы өтті. Ашық сабақты аталған кафедраның доценті Гаухар Ділмағамбетова және психология кафедрасының жетекшісі Алуа Миралеева ұйымдастырды.
Оқытушылар жанжалдарды шешу дәрігердің коммуникативтік құзыреттілігінің маңызды бөлігі болып табылатынын, ал жанжалды жағдайды тани білу, жанжалдың туындауының алдын алу дәрігер мен науқас арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыруға және өз кезегінде науқастың медициналық көмек көрсету сапасына қанағаттануын арттыруға көмектесетінін айтты. Жанжалдарды тиімді шешу когнитивті эмпатияны қолдану, DESC хаттамасы, ассертивті мінез-құлық, амортизацияны қабылдау және т. б. пайдалану сияқты коммуникативті стратегияларды түсінуді және қолдануды талап етеді.
Ашық сабақ барысында резиденттер рөлдік ойын барысында осы стратегияларды қолдануды үйреніп, олардың тиімділігін бағалады. Кері байланыс кезінде резиденттер алған білімдері күнделікті тәжірибелерінде пайдалы екенін, оларға сабақ өткізу формасы мен оқытушылардың көрнекілік құралдар беруі ұнағанын айтты.
Ашық сабаққа қатысқан оқытушылар «Жұмыс орнындағы жанжалды жағдайды шешу» тақырыбының кәсіби бағыты бар екенін, ал оқытушылар нақты міндеттерді шешуде теория мен практиканың ұштасатынын атап өтті.