Өмірлік құндылықтар туралы айтамыз
Білім және ғылым министрлігінің ЖТН AP19678139 «Батыс Қазақстандағы оқитын жастардың әл-ауқатының қарқынды өсуінің әлеуметтік-психологиялық мүмкіндіктерін бағалау» жобасы аясында 26-шы ақпан күні психология кафедрасының жетекшісі, м.ғ.к, Миралеева Алуа Исламчаевна және п.ғ.к., қауымдастырылған профессор Сейтенова Салима Сағынқызы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіне іссапармен барды. А.И. Миралеева педагогика факультетінің студенттеріне «Менің өмірлік құндылықтарым» тақырыбында тренинг өткізді.
Тренингтің мақсаты – белгілі бір шешім қабылдауда, адам өзінің өмірлік ұстанымында құндылық мәнін терең түсіну арқылы өз бойларында сананы қалыптастыру. Студенттер құндылық ұғымымен таныса отырып, ойын жаттығулары арқылы студенттерде тұлғалық өмірлік көзқарастарды маңызды құрамдас бөлік ретінде қалыптастырады.
Студенттер өздері таңдаған құндылық туралы ой толғап, ол құндылық бақытқа жеткізе ме деген сұрақтарға жауап іздеп, өздерінің пікірлерімен бөлісті. С.С. Сейтенова профессор-оқытушылар құрамына «Жоғары оқу орнында оқитын жастардың әл-ауқатын арттырудың әдістемелік негіздері» тақырыбында семинар өткізді. Мақсаты: ЖОО-да оқитын жастардың әл-ауқатын арттырудың әдістемелік негіздерін жетілдіру.
Студенттер мен магистранттардың жеке құндылықтарын анықтау мақсатында сұхбат жүргізілді. Профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар тренинг пен семинардың мазмұнына оң пікір берді.