Медициналық құқық негіздеріне арналған цикл
«Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ базасында медициналық құқық негіздері бойынша біліктілікті арттыру циклі өтті. Шараны «Астана қаласының тәуелсіз медициналық сарапшылар қауымдастығы» ҚБ ұйымдастырды.
Орталықтың нейрохирург дәрігерлеріне, сондай-ақ Қазақстанның басқа да өңірлерінен келген мекеме басшылары мен практик нейрохирургтеріне арналған дәрістерді университетіміздің жанындағы медициналық құқық мәселелерін зерттеу институтының жетекшісі Т.Жұмагазин, «International bureau» ҚБ жетекшісі, PhD докторы Г.Нарбаева, тәуелсіз медициналық сарапшысы, жоғары санатты денсаулық сақтау менеджері Ш.Мұқанова оқыды.
Семинардың ашылуына «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Серік Ақшолақов қатысты.
Дәріс барысында медициналық көмек көрсету сапасына тәуелсіз сараптама жүргізу, медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерді құқықтық қорғау тәсілдері мен құралдары, жанжалдарды медиативті шешу, медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің құқықтық жауапкершілік түрлері, «Дәрігерлік қателік» және «Дәрігерлік құпия» ұғымдары туралы мәселелер көтерілді.