2024 жылғы түлектердің жұмыс берушілермен кездесуі
2024 жылғы түлектерді алдын ала бөлу және одан әрі жұмысқа орналастыру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде жыл сайын университет базасында 1Бос орындар жәрмеңкесі» өтеді.
Аққағаз Досжанова атындағы конференц холлда бакалавриат, интернатура, резидентура, магистратура және докторантура түлектерінің Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының ОУЗ өкілдерімен, жұмыс берушілері — медициналық ұйымдардың басшыларымен кезекті кездесуі өтті. Кездесуді деканаттармен бірлесіп кәсіби өсу орталығы ұйымдастырды.
Шараны клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры Н.Мусин ашты. Кәсіби өсу орталығының басшысы А.Алмағамбетова болашақ жас мамандарды мемлекеттік гранттарды еңбекпен өтеу, еңбекпен өтеуден босату ережелерімен, өңірлердегі түрлі мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары туралы ақпаратпен таныстырды.
Грант бойынша оқыған түлектер мемлекеттік және жеке медициналық мекемелердің жұмыс берушілерінен алынған өтінішхаттарға сәйкес бөлінеді. Ағымдағы оқу жылында 854 түлек оқуды аяқтайды, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 491 адам. ҚР Білім туралы Заңына, ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы №390 қаулысына, ҚР ҰҚМ 2023 жылғы 11 тамыздағы №403 бұйрығына сәйкес, мемлекеттік грантта оқитын медициналық мамандықтардың түлектері медициналық ұйымдарда кемінде 3 жыл жұмыс істеуге міндетті.
Кездесу барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Б.Түлкібаева, Маңғыстау облысы ДСБ өкілі М.Тоқанов сөз сөйлеп, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының бас дәрігерлері, емдеу-алдын алу мекемелерінің директорлары жұмысқа орналасу шарттары бойынша таныстырды. Бұдан соң кездесу еркін форматта жалғасып, әр түлек жұмыс берушілермен болашақ жұмысқа орналасу шарттарын жеке талқылауға мүмкіндік алды. «Бос орындар жәрмеңкесінің» алғашқы күні практикалық денсаулық сақтау өкілдерімен жұмыс режимінде өте жоғары деңгейде өтті.