«Армысың, әз-наурыз!»

«Жастар арена» спорт кешенінде Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесіне арналған «Армысың, Әз-Наурыз!» атты концерттік бағдарлама өтті.

Шараға оқу орнының профессор-оқытушылық құрамы, ардагерлер мен қызметкерлер қатысты. Жиналған қауымды университет ректоры Әсет Қалиев, «Қамқор» кәсіподақ ұйымының төрағасы Қайрат Сабыр, облыстық әлеуметтік сақтандыру қорының төрағасы Алтай Оразбағамбетов құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

«Серпер» ұлттық аспаптар ансамблінің орындауында «Күйлер поппуриімен» ашылған концертте «МедАрт», «Алтын» триолары, «Zhastar» би ансамблі, Гүлзат Жакенова, Арман Мугаир, Фатима Ақбаева, Азамат Қорғанбай, Әсем Мусаева есімді өнерлі студенттер және «МedStars» ұйымының өнерпаздары қазақ әндерін шырқап, көпшіліктің көшеметіне бөленді.

Сонымен қатар «Салт-дәстүрді білесің бе?» атты викториналық сұрақтар сайысы ұйымдастырылып, лезде жауабын тапқандарға сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, спорт кешенінің фойесінде тоғызқұмалақ, қол күресі, гір көтеруден жарыстар ұйымдастырылды.

Мерекелік концерттен соң спорт кешені ауласындағы ақшаңқан ағаш үйде ауызашар берілді. Дастархан басында аға буын өкілдері тілектерін айтып, баталарын берді.