Университет барысы
Ақтөбе қаласының 155 жылдық мерейтойына және Наурыз мерекесіне арналған университет студенттері арасында қазақ күресінен «Университет барысы» өтті. Жарыс 65 келіден жоғары салмақ бойынша және олимпиадалық жүйеде ұйымдастырылды. Оған 50 палуан қатысты.
Салтанатты ашылу рәсімінде университет ректоры Әсет Қалиев сөз сөйлеп, палуандарға сәттілік тіледі. Төрешілікті «Казақ күресі» федерациясының төрешілері жүргізді.
Күрес барысында бас төреші, қазақ күресінен ҚР спорт шебері Рустем Серікұлы палуандарды жеребе тартқызып бастады.
Тартысты өткен жарыс қорытындысында 3-орынды жалпы медицина факультетінің 217-топ студенті Жанарыс Қалиев, 2-орынды жалпы медицина факультетінің 312 А топ студенті Сұлтан Қылышбай иеленді. Бас жүлдені интерн факультетінің 726 топ студенті Дамир Қазиев жеңіп алды.
Университет ректоры Әсет Қалиев жарыс жеңімпаздарын құттықтап, жүлдегерлерге «Казақ күресі» белбеуі және 1-орынға 50 мың теңге, 2-орынға 30 мың теңге және 3-орынға 20 мың теңге ақшалай сыйлықтарды табыстады.