Пәкістандық инвесторлармен кездесу
Облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Г.Елеуовтың төрағалығымен Пәкістан Ислам Республикасының өкілдерімен кездесу өтті.
Оған облыстық әкімдіктің қызметкерлері Ж.Қаратаев, М.Мұсабеков, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы А.Әбішев, «Ақтөбе» «ӘКК» АҚ басқарма төрағасы А.Таймбетов, «М.Оспанов атындағы БҚМУ» КЕАҚ басқарма төрағасы-ректоры А.Қалиев, Қазақстанның Пәкістандағы Құрметті бас консулы Рао Халид Махмуд (Лахор қ.), «Green Earth Recycling» компаниясының бас атқарушы директоры Зафар Бхатти қатысты.
Келіссөздердің қорытындысында университет ректоры А.Қалиевпен пәкістандық инвесторлармен шетелдік студенттерге арналған жатақхана салу туралы Меморандумға қол қойылды.
Университетте қазір жеті елден 991 шетелдік студент, оның ішінде Пәкістанды қосқанда 143 студент оқиды. 2020 жылдан бастап университеттің Пәкістанның білім беру кеңесінде тіркелгеннен кейін пәкістандық студенттерді жалпы медицина бакалавриаты мамандықтары бойынша оқыту жүргізілуде.
Университетте шетелдік студенттердің тәрбиелік және әлеуметтік-мәдени бейімделуіне, жоғары оқу орнының өміріне белсенді қатысып, ұлттық мерекелерді ұйымдастыру, Қазақстан халқының мәдениеті, дәстүрі және тұрмысымен танысу, ата-аналары, консулдық және көші-қон қызметтерімен байланысты нығайту және т. б. үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Жатақханаларда тұруға қажетті жағдайлар жасалған. Интернет, WI-FI, оқу залдары, асхана, тұрмыстық бөлмелер және қауіпсіздік үшін бейнебақылау камералары орнатылған.
Жатақханада орындардың жеткіліксіздігінен көптеген студенттер ата-аналарының келісімі бойынша жалға берілетін пәтерлерде тұрады. Жыл сайын шет елдік білім алушылардың артуы жоғары оқу орнының сұранысы мен рейтингісінің жоғарылауын растайды.
Шетелдік студенттерге арналған жаңа жатақхананың салынуы, әрине, білім беру процесіндегі халықаралық ынтымақтастықтың одан әрі дамуына лайықты үлес қосары сөзсіз.