Мобильді медициналық кешендері Алға ауданында болды
Медициналық орталығының мамандары Алға ауданының тұрғындарына онкологиялық скрининг жүргізді. Тұрғындарды тексеру «Қазақстан халқына» қорының орталыққа табыстаған «Оptimа» мобильді медициналық кешендерінде өтті. Бұл — медициналық кешеннің облыс аудандарына алғашқы сапары. «Доңғалақты ауруханалар» сараптамалық кластағы ультрадыбыстық аппаратпен, томосинтез функциясы бар цифрлық маммографпен, 128 кесінді КТ аппаратымен жабдықталған.
Алғалықтарды профилактикалық тексеруден орталықтың бас дәрігері Елдос Смайылов бастаған мамандар тобы жүргізді. Дәрігерлер қатарында онколог, онкомаммолог, онкохирург, онкогинеколог, терапевт және функционалдық диагностика дәрігерлері бар.
— Медициналық орталығына «QH Денсаулық жолы» қайырымдылық жобасы аясында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Оptimа» жылжымалы медициналық кешені табысталғаны белгілі. Жоба Ақтөбе облысының елді мекендеріне жылжымалы медициналық кешендерді жіберу арқылы онкологиялық ауруларды ерте анықтауға септігін тигізеді.
Жобаны іске асыру шалғай өңірлер мен ауылдық жерлердегі тұрғындардың қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы онкологиялық аурулардың ерте диагностикасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жоба ауылдық жерлерде кадрлар мен медициналық жабдықтар болмаған жағдайда консультациялық-диагностикалық зерттеулерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді, — деді Елдос Смайылов.
Мобильді медициналық кешен қабылдауына келген тұрғындар ауыл халқының денсаулықтарының тексерілуіне мүмкіндік жасаған «Қазақстан халқына» қоры мен Медициналық орталық дәрігерлеріне алғыстарын білдірді.