Үздік тәжірибелер орталығы ашылды
Отбасылық медицина клиникасының базасында Үздік тәжірибелер орталығы ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, медицина қызметкерлері, оқытушылар, «Primare Health Care» Ұлттық қауымдастығының сарапшы-жаттықтырушылары қатысты.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, «Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығының президенті Төлебай Рахыпбеков бұл ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Батыс Қазақстандағы 8 Үздік тәжірибелер орталықтарын дамыту жөніндегі жоспарын іске асырудағы алғашқы қадамы екенін айтты.
Үздік тәжірибелер орталығының ашылуы медицина саласындағы озық тәжірибелер мен инновациялардың жан-жақты таратылуына зор ықпал етеді. Орталықтың негізгі міндеті — тәжірибе мен білім алмасып, аурулардың алдын алу мен емдеуде озық әдістері мен технологияларды енгізу үшін платформа құру. Орталықтың бірегейлігі — резидент-дәрігер клиникалық тәлімгермен бірге пациенттерді қабылдайтын отбасылық дәрігерді қабылдау моделінде ғана емес, сонымен қатар тәуелсіз мейіргерлік қабылдаудың енгізілуінде. Бұл — резиденттер мен мейіргерлер үшін қажетті білім мен дағдыларға ие болып, алғашқы медициналық көмек көрсете отырып, науқастарды өз бетінше қабылдай алатын инновациялық әдіс.
2022 жылдың күзінде Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті мен «Primare Health Care» Ұлттық қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бірлескен ынтымақтастық шеңберінде интерьер дизайн, материалдық-техникалық базаны жақсарту, ерлер мен әйелдер денсаулығы, салауатты өмір салты кабинеттері, Coll-орталығы, тренинг орталығы, «Самғау» жастар денсаулық орталығы секілді жаңа құрылымдарды ашу бағытында жұмыстар жүргізілді.
«Primare Health Care» Ұлттық қауымдастығы Үздік тәжірибелер орталығының жұмысын ұйымдастыру бағытында психологтарды, әлеуметтік қызметкерлерді жаңа технологияларға оқыту бойынша көмек көрсетті.
Үздік тәжірибелер орталықтарын ашу жобасы бұл — медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсартудың жаңа деңгейі.
Шара соңында Үздік тәжірибелер орталығын құруға үлес қосқан бір топ медицина қызметкерлері университет ректоры Әсет Қалиевтің атынан Құрмет грамоталарымен марапатталды.