Студенттер БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарымен танысуда
Университет 17 тұрақты дамудың мақсаттарын (БҰҰ ТДМ) қамтитын әлемдегі ең өзекті мәселелерді шешуге бағытталған БҰҰ-ның күн тәртібін қолдайды.
Тұрақты дамудың мақсаттары кедейлікті жоюға, теңсіздік пен әділетсіздікке қарсы тұруға, сондай-ақ планетаны қорғауға және барлық адамдар үшін бейбітшілік пен өркендеуді қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық деңгейде қабылданған мақсаттар болып табылады.
Осы аталған мәселелерді ескере отырып, ТДМ-ның 16 бағытын «Бейбітшілік, әділ сот, тиімді институттар» атап айтқанда 16.6 тармағын «Барлық деңгейде тиімді, есеп беретін және ашық институттарды құру» жүзеге асыру шеңберінде сәуір айының 30-ы күні медицина мамандығының 103-104-топтарында тілдер кафедрасының оқытушысы Әйгерім Дарімова «Бейбітшілік және әділ қоғам» тақырыбында онлайн форматта кафедра оқытушылары А.Қанлыбаева, Г.Мирманова, К.Жілісбаева жане А.Аралбайдың қатысуымен тәрбие сағатын өткізді. Мақсаты — қоғамдағы бейбітшілік және келісім туралы түсінік бере отырып, әділ қоғам құндылығының мәнін ашу.
Шара барысында аталған тақырып аясында студенттер презентация қорғады. Яғни ондағы міндет — бейбітшілік, әділдік ұғымдарын дұрыс әрекет құндылығымен байланыстыра отырып ұғындыру, жауапкершілік, адалдық қасиеттерін дамыту; татулыққа, бірлікке баулу. Түрлі ойындар ұйымдастырылды. Студенттер топтарға бөлініп, белсенді қатысты.
Тәрбие сағатының соңында студенттер тақырыпқа байланысты өз ойларын бейнеролик арқылы жеткізіп, қорытындылады.