Гүл шоқтары қойылды
9 мамыр — Ұлы Жеңіс күніне арналған қаламыздағы Жеңіс ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Аталған шараға облыс, қала, құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер, кәсіпорындар, саяси партиялар, қоғамдық және этномәдени бірлестіктері, жоғары оқу орындары, т.б. ұйымдардың өкілдері қатысты.
Университет ректоры Әсет Қалиев пен атқарушы директор Ерлан Жиеналин де Әлия Молдағұлова мемориалдық кешеніне гүл шоғын қойды.
Ақтөбе өңірінен Екінші дүниежүзілік соғысқа 122 мыңнан астам адам шақырылып, оның 36 мыңнан астамы ерлікпен қаза тапқан. 35 ақтөбелік Кеңес Одағының Батыры атанса, 9-ы «Даңқ» орденінің толық иегері болған. Олардың қатарында аты аңызға айналған мерген қыз Әлия Молдағұлованың орны ерекше.
Өкінішке орай, соғысқа қатысушы ардагерлеріміздің қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Биылғы Жеңіс мерекесін өңір тұрғындарымен бірге көзі тірі жалғыз ардагер Василий Грецкий қарсы алып отыр.
Тыл еңбеккерлерінің де қатары сиреуде. Бүгінде облыста тылда еңбек еткен 2280 адам тұрады.