Мамандықты дұрыс таңдау — жарқын болашақ кепілі

Мамандықты дұрыс таңдау — үлкен өмірдің іргетасын дұрыс қалағанмен бірдей. Қазір оқу жылы аяқталған тұста мектеп түлектері ҰБТ сынағына қызу дайындық үстінде. Осы кезеңде әрбір оқушы үшін келешек мамандығы мен сапалы білім беретін оқу орнын дұрыс таңдау маңызды. Біздің мақсатымыз — түлектерге мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар, ақыл-кеңес беріп, олардың елге қызмет ететін пайдалы маман иесі болуларына үлес қосу.

Жаратылыстану ғылыми пәндер кафедрасының оқытушылары Д.Есмұханова мен А.Жұмашева қаламыздағы №3, №20 орта мектептерінде болып, кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Оқушыларға университетімізді таныстыру мақсатында презентация көрсетіліп, мамандықтар туралы жан-жақты ақпараттар берілді. Биылғы мектеп бітіруші түлектер көкейдегі сауалдарына жауап алды.

Кездесу барысында 120 оқушының 9-ы медицина мамандығын таңдайтыны белгілі болды. Биология және химия пәндерін таңдаған мектеп түлектеріне жарнамалық буклеттер үлестірілді.

Шара соңында мектеп басшылығы университет қызметкерлеріне алғысын білдірді.