Болашақ дәрігерлер стартап жобаларын қорғады
Университет қабырғасында алғаш рет стартап жобаларының конкурсы өтті. «Инновация, ғылым, бизнес» деп аталған байқаудың мақсаты — студенттердің инновациялық идеяларын, стартап жобаларын жарыққа шығарып, жетілдіру және бизнес серіктестеріне ұсыну.
Сондай-ақ, жастардың кәсіпкерлік білімі мен дағдыларын жетілдіру. Аталған конкурс болашақ дәрігерлер арасында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. 40-қа жуық студент өздерінің жаңашыл идеялары мен тың жобаларын қорғауға мүмкіндік алды.
Жастар түрлі салалардың қызметін оңтайландыруға арналған жобаларын таныстырды. Басым бөлігі созылмалы ауруларды емдеу және экология саласындағы өзекті мәселелерді ескере отырып, жоба жасаған.
Стартапқа қатысушы университет білім алушылары команда болып бірлесіп, өзара бақ сынасты.
Конкурс қорытындысында жеңімпаз командалар марапатталды. Үздік деп танылған жобалар болашақта университет әкімшілігі тарапынан қаржыландырылатын болады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта осындай стартап конкурстарды дәстүрлі түрде өткізуді көздеп отыр.