2023 жылғы салалық рейтинг қорытындысы
Қазіргі таңда дәрігер мамандығы сұранысқа ие, сондықтан да медициналық жоғары оқу орындарына құжат тапсыратын талапкерлердің қатары жыл сайын артып келеді. Бұған дәлел — шектік балл мен конкурстар. Жоғарғы оқу орнын таңдау әрдайым қиындық тудырады, себебі, оқуға түсер кездегі өз мүмкіндіктеріңізді бағалап, оқу орнының мамандануын, еліміздің өзге медициналық жоғары оқу орындары арасындағы орнын білуіңіз керек. Бұл ретте медициналық білім беру бағдарламалары бойынша даярлау сапасы, білім беру бағдарламаларының болуы, профессор-оқытушылық құрамының деңгейі, жоғары оқу орнының тарихы, халықаралық серіктестік, түлектер сұранысы, оның ішінде шетелде жұмысқа орналасу мүмкіндігі және т. б. маңызды болып табылады.
Білім сапасы көптеген факторларға байланысты: теориялық білім, заманауи әдістер мен медициналық технологияларды енгізу, науқасқа бағытталған оқыту, таңдалған мамандығына қызығушылық. Жалпы, бұл тәсіл болашақ маманның дайындық деңгейі мен құзыреттілігіне айтарлықтай әсер етеді.
Білім беру қызметіндегі рейтингтік бағалау жүйесі барлық әлемде бар. Өйткені ол медициналық білім берудің бәсекеге қабілетті деңгейін көрсетеді және жоғары білікті кадрларды даярлау үшін қабылданатын іс-шаралардың тиімділігі мен нәтижелілігін бағалаудың негізгі көрсеткіші болып табылады.
2023 жылғы салалық рейтинг қорытындысы бойынша біздің Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті еліміздегі медицина кадрларын дайындайтын барлық жоғары оқу орындары арасында 2-орынға ие болды. Медициналық жоғары оқу орындары арасындағы рейтингтерді қорытындылау — Марат Оспанов атындағы БҚМУ-да білім беру бағдарламаларының сапасын арттырып, одан әрі жетілдіру үшін жақсы ынталандыру.
Профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларды лайықты жетістігімен құттықтап, табыстар тілейміз!