Біздің экспозициялар — Әлия музейінде

Университет музейі Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде өткен «Музей түні-2024» мерекелік шарасына қатысты. Дәстүрлі шарада ұйымдастырылған көрмеге үш бірдей экспозиция көпшілік назарына ұсынылды.

Атап айтсақ, университеттің алғашқы ректорлары А.Дайыров, Растопчин, Андреев, одан кейін оқу орнының дамуына зор үлес қосқан әрбір кафедраның ардагерлеріне, Ақтөбе облысында Ұлы Отан соғысы кезінде ашылған эвакогоспиталь және адам жанының арашасы болған, қазақтың қайсар қызы, профессор, медицина ғылымдарының докторы, Ұлы Отан соғысының ардагері Халида Мамановаға арналған көшпелі көрме ұйымдастырылды. Аталған экспозициялар облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірігіп жасақталды.

Музей түніне келген қонақтар қатарында университет түлектері де болды. Олар ұлағатты ұстаздарын еске алып, ризашылықтарын білдірді. Қазіргі ұрпақ педагог-жауынгерлердің есімдері мен Ұлы Отан соғысы кезіндегі өшпес ерліктерін ешқашан ұмытпаулары тиіс.

Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі мен университет музейі бірлесіп өткізген осындай тарихи-танымдық шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.