Ұлағатты ұстаз-ғалымды еске алды
«Профилактикалық медицинаны дамытудың заманауи тұжырымдамалары» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара ҚР Медицина академиясының корреспондент мүшесі, м.ғ.д., профессор Төленді Кәрімовті еске алуға және 85 жылдығына арналды.
Конференция барысында сөз алған университеттің басқарма төрағасы-ректор Әсет Қалиев қатысушыларды көрнекті ғалым-гигиенист, тағам гигиенасы және балалар мен жасөспірімдер гигиенасы кафедрасының негізін қалаушы Төленді Кәрімұлының қысқаша өмірбаянымен таныстырды.
Т.Кәрімов — Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтының түлегі. Аспирантураны фармакология кафедрасында оқыған. 46 жылғы кәсіби еңбегін Alma-mater-ге арнады. 156 еңбектің авторы, оның 6-уы монография, профилактикалық және клиникалық медицинаға арналған 3 оқу құралының, патенттің, мақаланың бірлескен авторы. Оның жетекшілігімен 2 PhD доктор, 12 м.ғ.к., 7 магистр дайындалған.
«Төленді Кәрімовтің есімі облыс тұрғындарына жақсы таныс. Ол балалардағы семіздік, аз қозғалыс, компьютерлер мен гаджеттердің балаларға әсері, тамақтану проблемалары, экология және т.б. профилактикалық медицинаның көптеген факторлары туралы БАҚ-та бірнеше рет қозғады. Бұл мәселелер әлі де өзекті»,— деп атап өтті университет ректоры Әсет Қалиев. Сонымен қатар, университет басшысы Төленді Кәрімов қандай қызметте болса да профилактикалық медицинаның дамуы мен жүзеге асырылуына септігін тигізгенін тілге тиек етті. Оған ғалымның қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны дәлел. Мәселен, ол қалалық және облыстық мәслихаттардың депутаты болған кезеңде білім, денсаулық сақтау, экология және ғылым салалары бойынша тұрақты комиссияны басқарды.
Конференция барысында кәсіби аурулармен гигиеналық пәндер кафедрасының профессоры, м.ғ.д., ҚР ҰҒА академигі А.Мамырбаев «Т.Кәрімовтың еңбектеріндегі гигиеналық ғылымның дамуы» атты мазмұнды баяндама жасады. Конференция қатысушыларына Төленді Кәрімовтың өмірі мен кәсіби қызметі туралы деректі фильм көрсетілді. Өмірінің белгілі бір кезеңдерінде Т.Кәрімов С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетін басқарды.
Т.ғ.к. доцент Ф.Балмағамбетова «Академик Т.Кәрімовтің Батыс Қазақстан өңірінің дарынды жастарын ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартудағы үлесі» атты баяндамасын ұсынды. Ғылыми жұмыстар жөніндегі департамент жетекшісі А.Баспакова, «Гигиенист-7» ЖШС санитарлық дәрігері А.Оралбаеваның баяндамалары да көпшілік назарына ұсынылды.
Конференция соңында университет музейінде ғалымға арналған «Өмір жолы қысқа, естелік мәңгі» атты экспозициясы ашылды. Әсет Қалиев Т.Кәрімовтың қызына ұсынылған экспонаттар үшін және университет қызметкерлеріне алғысын білдірді. Әрине, бұл — Төленді Кәрімұлына ғылыми-педагогикалық және қоғамдық қызметіне қосқан үлесі үшін көрсетілген құрмет.