Түлектер диплом алды

Бүгін университетіміздің жалпы медицина мамандығы бойынша тәмамдаған бакалавриат түлектері диплом алды. Салтанатты шара Өнер орталығында өтті.

5 жыл оқуын ойдағыдай тәмамдаған 488 түлек ресми құжаттарын қолдарына алды. 39 студент жақсы оқып, «Үздік диплом» иегері атанды. Түлектердің толқынысы мен қуанышын бөлісуге ата-аналар келді.

Шарада университет ректорының міндетін атқарушы Надияр Мусин, оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұргүл Әбенова, жалпы медицина факультетінің деканы Талғар Әбілов оқуын тәмамдаған түлектерді құттықтап, дипломдарын табыстады.

Болашақта әрқайсысы ел мүддесіне еңбек етер «ақ халатты абзал жан» боларына сенім білдіріп, сәттілік тіледі. Сондай-ақ, білім ордасының қоғамдық жұмыстарына белсене араласқан студенттер мен олардың ата-аналары Алғыс хаттармен марапатталды.

Мерекелік шараның өн бойы концерттік бағдарламамен өрілді.