Ашық есік күні
1 тамыз — Дүниежүзілік өкпе обырына қарсы күрес күніне орай бүгін және ертең Медицина орталығында Ашық есік күні өтуде. Яғни тұрғындар өкпе ауруына байланысты дәрігерлерден тегін кеңес алып, қажет болған жағдайда компьютерлік томография зерттеуінен өтулеріне болады.
— Өкпенің қатерлі ісігі — дүние жүзі бойынша өзекті мәселелердің бірі. Алдын ала дерттің емін табу үшін өкпенің қатерлі ісігін ерте анықтау керек. Ол үшін төмен дозалы компьютерлік томографиялық тексеруден өту қажет, — дейді Медицина орталығы онкологиялық қызметінің үйлестірушісі Олжас Оразаев. Зерттеудің тәуекел тобына зиянды өндіріс ошақтарында еңбек ететіндер, 55 жастан асқан және өкпенің қатар жүретін патологиясы бар науқастар (созылмалы қабыну аурулары) жатады.
Сондай-ақ, онкологиялық аурулардың түрлеріне тән спецификалық емес белгілерге назар аудару қажет. Атап айтсақ, жалпы әлсіздік, тершеңдік, тәбеттің төмендеп, дене салмағының азаюы, кеуде қуысының ауырсынуы, жөтел мен ентігудің пайда болуы және күшеюуі.
— «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, мұндай жағдайда уақыт өткізбей, дереу дәрігерге қаралған жөн, — дейді ақ халаттылар.