Дәрігер құрметіне мемориалдық тақта ашылды

 Медицина орталығында Ақтөбе өңірлік Онкология орталығының негізін салушы,  алғашқы бас дәрігері, белгілі онкохирург, Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Ибрагим Қальпеновтің құрметіне арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға дәрігерлер қауымы, бірге қызмет жасаған әріптестері мен көзін көрген азаматтар қатысты.

Ибрагим Сейтмағамбетұлы 1942 жылы Шалқар қаласында дүниеге келген. Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтының түлегі.

Еңбек жолын Новоресейдегі аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі болып бастады. 1967-1970 жылдары Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ординатурасында оқыды. 1970-1973 жылдары облыс ауруханасының санитариялық авиация бөлімінде борт-хирург қызметін атқарып, облысымыздың шалғай елді мекендеріндегі тұрғындарға медициналық көмек көрсетті. 1973 жылы Ақтөбе облыстық онкология диспансерінің бас дәрігері, 1992 жылы облысаралық ғылыми-тәжірибелік бірлестігінің директоры болып тағайындалған. Сол кездегі республикадағы қатерлі ісік ауруларын емдеу мекемелерінің арасында алғашқы болып ел аралайтын дәрігерлер тобын құрып, ісік ауруларын алдын алу мақсатында барлық облыстың аудандарын аралап, көмек көрсетті, профилактикалық жұмыстар жүргізіп, дәрістер оқыған.

1974 жылдың қаңтар айында облыста Қазақстанда ең алғашқы фиброгастроскопиялық өңеш және асқазанды тексеретін аппаратпен жабдықталған кабинет пайдалануға берілген. Сол жылдары диспансердің керует саны көбейіп, компьютерлік эндоскопиялық бөлімше ашылып, өкпе, асқазан, өңешке күрделі оталар жасалып, тері ісіктерін сұйық азотпен емдеу әдісі енгізілді. Осы жұмыстардың басы-қасында Ибрагим Сейтмағамбетұлы жүрді. Еліміздің ауруханаларының ішінде бірінші болып компьютерлік томограф пен ангиографияны Ақтөбеге орнатып, пайдаланылуына күш салды.

 Ибрагим Қальпенов — 20-дан астам ғылыми еңбектің авторы және «Қатерлі ісіктердің экологиялық проблемалары» атты ғылыми-тәжірибелік жинағының демеушісі әрі авторларының бірі.

Рәсімде бірге қызметтес болған әріптестері мен курстас достары, т.б. Ибрагим Сейтмағамбетұлын тебірене еске алып, медицина саласының қарқынды дамуына өлшеусіз үлес қосқан еңбегін ерекше атап өтті және тақтаның орнатылуына үлкен қолдау көрсеткен азаматтарға алғыстарын білдірді.