Дамудың даңғыл жолы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы дәстүрлі Жолдауында денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалған жоқ. Дамудың даңғыл жолына жетелейтін Жолдауда осы саладағы маңызды мәселелерді тез арада шешу бағытында тиісті іс-шараларды жүзеге асыру туралы нақты тапсырмалар берілді.
«…Еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктері арқылы ресурстарды белсенді тарту қажет. Өкінішке қарай, шетелдердің мемлекеттік-жекеменшік әріптeстікке қатысты озық тәжірибелері заңнамамызда толық көрініс тапқан жоқ. Мұның бәрі жобалардың тиімсіз болуына, бюджетке түсетін салмақтың тым артуына әкеп соқтырады. Бұл тәсілдерді қайта қарап, инвестиция тарту үшін ақылға қонымды тарифтер ұсыну қажет. Үкімет денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты жаңа нормативтер мен ережелер әзірлеуі керек.
Білікті медицина мамандарының тапшылығы — әлі де өзекті мәселе. Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырған жөн. Соның ішінде грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп, тиімді тарату қажет», — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
«Денсаулық — зор байлық» деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Әрине, мұның барлығы ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес іс жүзінде одан әрі жақсартуға септігін тигізері сөзсіз.