Erasmus+ бағдарламасының Қазақстандағы ұлттық офисі үйлестірушісімен кездесті
Университетке Erasmus+ бағдарламасының Қазақстандағы Ұлттық офисінің үйлестірушісі Л.Палуанова іссапармен келді. Мәртебелі мейманның келуіне орай кездесу өтті. Шара аясында бағдарлама мүмкіндіктері туралы ақпараттық сессиялар ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Жан Моне, Erasmus Mundus Joint Masters (EMJM) және Erasmus Mundus Design Measure (EMDM) жобалары туралы слайдтар көрсетіліп, Erasmus+ бағдарламасының бағыттары таныстырылды. Erasmus Mundus Joint Masters (EMJM) жобасы аясында бірлескен магистрлік бағдарламаларды жүзеге асыру туралы да айтылды. Бұл бағдарлама — халықаралық консорциумдармен бірлесіп жүзеге асырылатын магистратураның интеграцияланған халықаралық бағдарламасы. Оны сәтті аяқтаған студент екі немесе одан да көп университеттің бірлескен дипломын немесе әр университеттің жеке дипломын алады.
Халықаралық кредиттік мобильдік (ХКМ) бұл — қазақстандық университет пен еуропалық серіктес университет арасында студенттер, оқытушылар және әкімшілік қызметкерлермен алмасу бағдарламасы. Студенттерге бір семестрден бір оқу жылына дейінгі мерзімде Еуропада білім алу мүмкіндігі берілсе, оқытушылар біліктілігін арттыру немесе серіктес университетте сабақ беру мүмкіндігіне ие болса, ал әкімшілік қызметкерлері біліктілікті арттыру бағдарламасына қатыса алады.
Халықаралық кредиттік мобильдік бағдарламасына қатысу үшін университеттің халықаралық бөліміне жүгіну қажет. Студенттер, оқытушылар және әкімшілік қызметкерлері тікелей грантқа өтінім бере алмайды, тек біздің университет пен ЕО елдерінің серіктес университеттері арасындағы келісімдер шеңберінде өтініш беру мүмкіндігі қарастырылған.