Донорлық пен трансплантацияны үйлестірудің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды
ҚР ДСМ Республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығы директорының орынбасары Назгүл Жылгельдинаның төрағалығымен Ақтөбе облысында қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселелері бойынша кездесу өтті. Оған профессорлық-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты. Кездесуде Қазақстан Республикасындағы донорлық пен трансплантацияны үйлестірудің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды.
Айта кетейік, Ақтөбеде алғашқы трансплантациялық оталарды 2014 жылдан басталған. 10 жыл ішінде хирургтер ақтөбеліктерге 77 бүйрек және 13 бауыр трансплантациясын жасады, оның ішінде мәйіттік донордан алынған органдар арқылы 9 адам құтқарылды. Соңғы осындай операция 2018 жылы жасалған.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысында бауыр және бүйрек трансплантациясын күткендердің тізімінде 300-ден астам адам бар. Республика бойынша донорлық органға мұқтаж 4103 науқас тіркелген, олардың 102-сі — балалар.
Сонымен қатар Назгүл Жылгельдина болашақ дәрігерлердің трансплантацияға байланысты қойған сауалдарына жауап берді.