Көрнекті қоғам қайраткері
Бүгін — көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, саясаткер, ҚР Парламенті Мәжілісінің тұңғыш төрағасы, Ақтөбенің төл перзенті Марат Оспановтың туған күні. Осыған орай жиналған қауым ғалымды бір минөт үнсіздікпен еске алып, ескерткіш-бюстіне гүл шоқтарын қойды. Марат Тұрдыбекұлы тірі болғанда 75 жасқа толар еді. Өкінішке орай, өмірден ерте кетті. Аз ғұмыр жасаса да артына өшпестей өнегелі із қалдырған көрнекті тұлғаның есімі мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды.
Марат Оспанов 1949 жылы 17 қыркүйекте Ақтөбе қаласында дүниеге келді. Мәскеу халық шаруашылығы институтының түлегі. Еңбек жолын Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында оқытушы болып бастап, кафедра меңгерушісі қызметіне дейін көтерілді.1979 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аспирантурасын тәмамдаған. Медицина институтының қабырғасында көптеген шәкірттер тәрбиелеген ұлағатты ұстаз жастардың білім алуына үлкен қолдау көрсетті. Марат Тұрдыбекұлы қызметін медицинамен ғана шектемей, экономика мен басқару салаларына да бет бұрды. Қаржылық білім алып, елдің экономикалық саясатының дамуына оң әсер ететін маңызды реформаларға жетекшілік етті. Тәуелсіз Қазақстан экономикасының қарқынды дамуына зор үлесін қосты.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, бүгінде оның есімімен аталатын қаламыздың орталығында көше бар. Тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатылды. Жетпіс жылға жуық тағылымды тарихы бар университетіміз ғалым есімімен аталады. Оқу орнымызда тұлғаның ескерткіш-бюстісі орнатылып, білім ордасының музейінде ғалымның құнды заттары сақталған арнайы экспозиция бар.