Қазақстандағы АЭС: радиациялық қауіпсіздік және халық денсаулығы
Университетімізде жастар белсенділерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Шараның басты мақсаты — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында айтылған маңызды мәселелерді талқылап, елімізде Атом электр станциясын салу туралы ұсынысқа қатысты пікір алмасу. Шараға студенттер мен жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.
Кездесу барысында оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұргүл Әбенова, радиология кафедрасының жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты Ерболат Ізтілеуов, «Қазақстан студенттері Альянсының» Ақтөбе облысы бойынша төрағасы Темірлан Алдажаров, медицина факультетінің 2-курс студенті, «Жалын» пікірсайыс клубының мүшесі Сұлтанбек Қабдиманап Президент Жолдауындағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жаңа бастамалар мен білім, денсаулық сақтау салаларына енгізілетін реформаларды жан-жақты талқылады.
Сонымен қатар, Атом электр станциясының құрылысына байланысты экономикалық, экологиялық және әлеуметтік аспектілері қарастырылып, студенттердің ой-пікірлері тыңдалды.
Қатысушылар бұл құжатты жүзеге асырудағы басты жетістік студент жастардың Жаңа Қазақстанның міндеттері мен мақсаттарына саналы түрде және жауапты көзқараспен қарауына байланысты деген ортақ пікірге келді.