Вакцинациялау тәртібі мен тиімділігі түсіндірілді
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, денсаулық сақтау басқармасының өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Брифинг спикерлері қатарында университеттің онкология кафедрасының доценті Анара Туляева болды. Спикерлер вакцинациялау тәртібі мен тиімділігі жөнінде баяндады.
Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 17 қыркүйекте елімізде адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау басталды. Вакцинация 11 жастан бастап 11 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыздарға арналған. Сонымен қатар, 12 жастан 13 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыздарға толықтырушы вакцина егу жүргізіледі. Вакцинация мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың жазбаша келісімімен, сондай-ақ ата-аналар қалауы бойынша медициналық мекемелерде де жүргізіледі.
Адам папилломасы вирусы жатыр мойны обырының қоздырғышы болып табылады. Ал бұл ауру — әйелдер арасында кең таралған онкологиялық аурулардың бірі. Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайлары тіркеледі және 600-ден астам әйел осы аурудан қайтыс болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жатыр мойны обырының алдын алу үшін вакцинацияны ұсынады, өйткені бұл — обырдан қорғанудың тиімді әдісі.
«Ақтөбе облысында өткен жылы 103 әйел адам жатыр мойыны обырына шалдыққан. Олардың арасында ең жасы — 25 жаста. Жыл басынан бері 8 айдың ішінде 75 ақтөбелік әйелден жатыр мойыны обыры анықталды. Аурудың алдын алудың бірден-бір жолы — вакцинация», — дейді онкология кафедрасының доценті Анара Туляева.
Қазақстанда «Гардасил» вакцинасы қолданылады. Ол АПВ-ның төрт онкогенді түрінен қорғайды. Аталған вакцина 135 мемлекетте сәтті қолданылып, тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген.