Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі келді
Ақтөбеге ресми сапармен келген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев университетімізде болып, оқу орнының басшылығы, профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Вице-министрге білім ордасының тыныс-тіршілігі таныстырылды. Ректор міндетін атқарушы Надияр Мусин оқу-тәрбие процесі, клиникалық және ғылым салаларында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Жиында сапалы медициналық мамандар дайындау мен өңірдегі кадр тапшылығын жою мәселелері де талқыланды.
Сонымен қатар университетке сапар аясында Тимур Сұлтанғазиев медицина орталығында және онда орналасқан онкологиялық оңалту бөлімшесінде болып, жұмысымен танысты.
Атап өтсек, біздің университет — Батыс өңіріндегі болашақ дәрігерлер дайындайтын жетекші медициналық жалғыз жоғары оқу орны.
Қазір мұнда 7760 студент, оның ішінде 939 шетелдік студент білім алуда. Оқу процесі төрт факультет бойынша үш тілде оқытылады. 79 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады: бакалавриат (17 бағдарлама), магистратура (13 бағдарлама), докторантура (3 бағдарлама) және резидентура (46 бағдарлама). Барлық бакалавриат, магистратура және резидентура бағдарламалары аккредиттелген.
Профессор-оқытушылар құрамына келсек, 490 оқытушы мен 169 тәжірибелі денсаулық сақтау тәлімгерлері, оның ішінде 33 профессор, 20 ғылым докторы, 120 ғылым кандидаты және 28 PhD докторы мен 47 кафедра бар. Әрине, бұл түрлі медициналық бағыттар бойынша мамандар даярлауға мол мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, «Университет үміті» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оған көтерме төлемдер мен еңбекақыға қосымша төлемдер сонымен қатар жас ғалымдарды ынталандыру мақсатында ағылшын тілінің курстарын тегін оқу арқылы магистратураға түсуге дайындық кіреді.