Дәстүрлі Elnec семинары

Психология кафедрасының жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты Алуа Миралеева 3-9 қараша аралығында Австрияның Зальцбург қаласында өткен паллиативтік көмек бойынша білім беру семинарына қатысты.

Семинарда ауыр науқастар мен олардың туыстарына мамандандырылған көмек көрсету, сондай-ақ өмірдің соңғы кезеңінде болатын қиындықтарды жеңу мәселелері талқыланды. Оқыту барысында «Әлемдегі паллиативтік көмек жағдайы мен даму перспективалары», «Ауырсыну мен оны жеңу», «Симптомдарды бақылау», «Паллиативтік көмек көрсету кезінде тиімді коммуникативтік дағдылар», «Жоғалту және қайғыны жеңу», «Лидерлік дағдылар», «Стреске төзімділік және медициналық қызметкерлердің өзін-өзі сақтау», «Этика», «Мәдени ерекшеліктер» тақырыптары қаралды.

Оқу кестесі 12 дидактикалық дәрістен, рефлексиядан, CBL оқыту әдісіне негізделген шағын топтарда жұмыс істеуден және стипендиаттардың презентацияларынан тұратын үйлесімнен құрылды. Семинарды әлемдегі паллиативтік көмек саласындағы көшбасшы мамандар, халықаралық деңгейдегі симптомдарды басқару бойынша ұсыныстарды жасаушылар және әлемнің жетекші университеттерінің оқытушылары жүргізді.

Қатысушыларға коммуникация алгоритмдері, заманауи әдістемелік ұсыныстар, сондай-ақ паллиативтік көмек бойынша халықаралық ресурстарға сілтемелер берілді. Сондай-ақ, оқыту жөніндегі тәжірибелерімен бөлісті.