Паллиативтік көмек: жетістіктер, мәселелер, перспективалар
«Қазақстан Республикасындағы паллиативтік көмек: жетістіктер, мәселелер, перспективалар» тақырыбында халықаралық сарапшылардың қатысуымен Қазақстанның паллиативтік көмек қауымдастығының IX республикалық конференциясы өтуде.
Шара барысында ректор міндетін атқарушы Надияр Мусин:
— Паллиативтік көмек — әлем бойынша қарқынды дамып келе жатқан медицина саласы. Оның мақсаты ем қонбайтын дерт салдарынан ауыр науқастардың өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады. Бұл — науқастың қайғы-қасіретін, ауырсынуды және басқа да физикалық белгілерін дұрыс бағалап, жеңілдету. Науқастар мен олардың отбасыларына психологиялық, әлеуметтік-құқықтық және рухани тұрғыда қолдау көрсету арқылы жүзеге асырылатын көмек, — деп конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Мақсат Сейітмұхамбетов өткізіліп отырған шараның маңыздылығына тоқталды. Бұдан соң ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнара Сәрсенбаева, Қазақстан паллиативтік көмек қауымдастығының президенті Гүлнара Кунирова және жан-жақтан келген спикерлер сондай-ақ Ресей және өзге елдердің мамандары онлайн байланысқа шығып, озық іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Конференция аясында еліміздегі паллиативтік көмектің жүйелі дамуына бағытталған ауқымды пленарлық отырыстар, мамандар үшін маңызы зор шеберлік сабақтары, практикалық мәселелер бойынша дөңгелек үстел, «Болашаққа қамқорлықпен» атты I халықаралық жастар арасындағы әлеуметтік және психологиялық бастамалар байқауының қорытындысы және т.б. көптеген іс-шаралар өтуде.
Айта кетсек, конференция екі күнге жоспарланған.