Ұлттық нақыштағы кабинет ашылды

Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасында қазақ мәдениетін дәріптейтін ұлттық нақышта безендірілген кабинет ашылды. Ұлттық үлгіде жабдықталған кабинет ашудың мақсаты — студенттерге қазақ елінің тарихы мен мәдениетін, дәстүрі мен әдет-ғұрпын таныстырып, дәріптеу және насихаттау.

Кабинеттің салтанатты ашылу рәсіміне ректор міндетін атқарушы Надияр Мусин бастаған университет басшылығы, факультет декандары мен кафедра оқытушылары қатысты.

Кабинетте қазақтың киіз үйі, керегесі, сандығы мен қоржыны қойылған. Сол секілді ұлттық нақыштағы ою-өрнектер, жәдігерлер және ұлттық бұйымдармен безендірілген. Кабинет көрмесін кафедра оқытушылары мен студенттер өз қолдарынан жасаған бұйымдармен де толықтырды. Әрбір бұйымның өзіне тән мән-мағынасы бар. Олар дана халқымыздың қолөнері мен шығармашылығынан сыр шертеді.

Бұл бастама жастарды ұлттық мәдениетке деген қызығушылықтарын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға ықпал ететіні сөзсіз.