Ауыр жағдайларда көмек көрсету: тәжірибе алмасу семинары
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Астана медицина университеті мен біздің университет арасында тәжірибе алмасу семинары өтті.
Жедел шұғыл медициналық көмек кафедрасының жетекшісі А.Донаева, сондай-ақ елордалық университеттің балалар анестезиологиясы, реанимация және шұғыл медициналық көмек кафедрасының жетекшісі Н.Малтабарова, аталған кафедра доценті М.Иванова тәжірибелік дағдылар орталығында профессор-оқытушылар құрамы мен резиденттер үшін «Симуляциялық орталықта ауыр жағдайларда шұғыл медициналық көмек көрсетудің көпсалалы тәсілі» тақырыбында дәріс оқыды.
Семинарда ауыр жағдайларда жедел шұғыл медициналық көмек көрсету әдістері, соның ішінде «iStan» робот-симуляторы арқылы гибридті модельдеу тәсілі қолданылды. Резидент-дәрігерлер дағдыларын жетілдіріп, шұғыл көмек көрсетудің көпсалалы әдістерін меңгерді. Шараны жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру деканы Р.Нұрғалиева қолдап, оқу процесінің сапасын арттыруға үлес қосты.
Семинар қорытындысында профессор-оқытушылар құрамы білім беру тәжірибесіне заманауи симуляциялық оқыту әдістерін енгізудің маңыздылығын атап өтті.