Белбеу күресінен халықаралық турнир

Жастар арена спорт кешенінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ақтөбенің төл перзенті Марат Оспановты еске алуға арналған ерлер мен әйелдер арасындағы белбеу күресінен дәстүрлі халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Шарада сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, Республикалық белбеу күресі федерациясының президенті Рафик Валиев, ректор міндетін атқарушы Надияр Мусин, Марат Оспановтың қарындасы Майра Оспанова ғалымның Тәуелсіз Қазақстанның парламентаризмі мен саяси-экономикалық дамуына қосқан өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтіп, жан-жақтан келген спортшыларға сәттілік тіледі. Жарыс құрметіне университетіміздің көркемөнерпаздары мың бұрала би билеп, күмбірлете күй тартты. Айта кетсек, турнирге Қазақстанның өзге өңірлері мен шет елдерден — Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан спортшылары қатысты.

224 спортшы күш сынасқан спорттық дода қорытындысында 21 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Атап айтсақ, Қазақстан балуандары 12 алтын, 9 күміс, 22 қоланы қанжығасына байлап, қазақ елінің туын көкке желбіретті. Университет балуандары 1 алтын, 3 қоланы қоржынға салып, оқу орнымыздың мерейін үстем етті. Сонымен қатар Тәжікстан балуандары 1 алтын, 3 күміс, 2 қола, Өзбекстан балуандары 3 алтын, 3 күміс, 3 қола, Ресей балуандары 1 алтын, 2 күміс, 5 қола, ал Қырғызстан балуандары 3 алтын, 4 күміс, 7 қоланы жеңіп алды.

Жарыс жеңімпаздарын құттықтаймыз! Дәстүрлі турнир биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді.