Оралдың оқу озаттары — музейде

Оспанов музейіне Орал қаласынан Данияр Есенжолұлының жетекшілігімен химия, биология пәндерінен олимпиада жеңімпаздары — оқу озаттары, жарқын болашақтарын мәртебелі медицина мамандығымен байланыстырғысы келетін оқушылар арнайы келді.
Музей жетекшісі Гаухар Сейтжанова оралдық оқушыларға жетпіс жылға жуық тағылымды тарихы бар оқу орнымыздың тарихы, жасақталған тақырыптық-экспозициялық залдарындағы құнды экспонаттар және адам жанының арашашысы — білікті дәрігерлердің жеткен жетістіктерімен таныстырды.
– Батыс өңіріндегі жоғары білімді медицина мамандарын дайындайтын университет музейіне алғаш рет келуіміз. Тамаша екен. Үлкен әсер мен мол мағлұмат алдық.
Музей ұжымына шығармашылық табыстар тілейміз! — деді әсерлерімен бөліскен оралдық оқушылар.
Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті Бекзат Молдин ұйымдастырған экскурсия соңында музей қонақтары алғыстарын білдірді.