Әлия Молдағұлованың туғанына — 100 жыл
14 қаңтар — Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың майдан даласында ерлікпен қаза тапқан күні. Биыл Батыр қыздың туғанына — 100 жыл.
Осыған орай, қаламыздағы Әлия Молдағұлова атындағы мемориалдық кешенінде «Елім деп соққан жүрегі» атты шара өтті. Оған еңбек ардагерлері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, Әлия Молдағұлованың туыстары, саяси партиялардың, жастар ұйымдары мен зиялы қауым өкілдері және студенттер қатысты.
Облыс әкімі Асхат Шахаров Батырдың өшпес көзсіз ерлігін еске алып, оны дәріптеу мақсатында 100 жылдық мерейтойы аясында өңірімізде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтты. Жиналған қауым сұрапыл Соғыста Отан үшін от кешкен қазақтың қаһарман мерген қызын бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті, гүл шоқтарын қойды.
Гүл шоқтарын қою рәсіміне ректор міндетін атқарушы Надияр Мусин мен атқарушы директор Ерлан Жиеналин де қатысты.