Университет өрістеп келеді

Сүйінші хабар! Жақында Маңғыстау облысында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің филиалы ашылды. Ақтау қаласындағы интерндер мен резиденттерге жоғары оқу орнынан кейінгі білім берумен айналысатын филиал осындағы “Мейірбике” медицина колледжінің ғимаратында өз жұмысын бастады. Негізгі мақсат – дәрігер-интерн, резиденттердің тұрғылықты жерінде білім алуына мүмкіндік жасау және өңірдегі медициналық кадр тапшылығын жою.

Филиалдың ресми ашылу салтанатына М. Оспанов атындағы БҚМУ директорлар кеңесінің төрағасы, м.ғ.д., профессор Ж.Досқалиев, университеттің ректор м.а. м.ғ.д., профессор Э.Исмагулова, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Г.Қалмұратова, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы және өңірдегі медицина ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы А. Жұмыровтың айтуынша облыста 228 маман тапшы. Сондықтан 2021-2022 оқу жылы жергілікті биліктің қолдауымен интернатура мен резидентураға 17, бакалаврға 94 грант бөлінді.

Сондай-ақ, 2023-2025 жылы резидентура мамандарын даярлауға жергілікті бюджет есебінен қосымша қаржы көзін бөлу жоспарланып отыр.