«ҚР Еңбек сіңірген қызметкері» атағымен құттықтаймыз!
Университет ардагері, м.ғ.д., профессор Жангиреев Амангелді Абдрахманұлы республикалық байқаудың жеңімпазы ретінде «ҚР Еңбек сіңірген қызметкері» атанды. Жақын күндері Амангелді Абдрахманұлының тағылымды өмір жолы республикалық энциклопедияға енетін болады. Даңқты ардагер бұл атаққа 1998-1999 жылдары USAID, SDS, Project HOPE, AFEW, Сорос қоры сияқты әлемдік ұйымдардан елді жайлаған туберкулез дертімен күресу үшін Қазақстанға 7,5 млн. АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция әкелген қажырлы еңбегі үшін ие болып отыр. Осы қомақты қаражаттың көмегімен екі жылдың ішінде Қазақстан БДҰ-ның дерегі бойынша дүние жүзінде туберкулезді жеңген екінші мемлекет болып танылды. Бірінші орынға Жапония шыққан болатын. БҚМУ-де фтизиатрия кафедрасының ассистенті, меңгерушісі, проректор қызметтерін атқарған. Республикалық туберкулез ҒЗИ-ның директоры ретінде осы сала бойынша кандидаттық және докторлық диссертация қорғау Кеңесін ашқан. СПИД дертіне шалдыққандар арасындағы туберкулезді емдеу жөніндегі АҚШ, Польша, Индонезия, Нидерланд және Түркия елдеріндегі арнайы білім жетілдіру курстарынан өткен және халықаралық конгресс, конференция және съездерде фтизиатрия мен пульмонология мәселелері жөнінде баяндамалар жасаған. Жангиреев Амангелді Абдрахманұлы – 170 ғылыми еңбектің авторы.