Ерекше ток-шоу
“Ішкі аурулар пропедевтикасы” кафедрасының ұжымы өткізген «Ересектерге 101 сұрақ» атты кездесу тура теле-шоу форматында өтті. Алғашқы ток-шоуға студенттермен кездесуге “Ішкі аурулар пропедевтикасының” кафедра жетекшісі, м.ғ.к., доцент Векленко Галина Викторовна шақырылды.
Кездесуге “Жалпы медицина” факультетінің 3-курс студенттері, кафедра қызметкерлері жиналды. Ток-шоудың мақсаты-1 сағаттың ішінде жиналғандар 100 сұрақ қойып және жауап алып үлгеру керек. Бұл – қонаққа да, жиналғандарға да ортақ сын. Тағы бір ерекшелік, ең қызықты және тапқыр да сирек қойылатын сұраққа бәйге тігілді. Сұрақтардың тақырыбы сан алуан, мысалы, медицина мамандығы туралы, қазіргі таңдағы денсаулық сақтау саласындағы қызметтер, оның сапасы, білім беру бағдарламалары жайында, тіпті спикердің жеке өмірі туралы да сұрақтар қойылды. Бірде-бір сұрақ жауапсыз қалған жоқ. Кеш көңілді, әсерлі өтті. Ток-шоудың соңында ең тапқыр сұрақтың иесі анықталды.
Кафедра ұжымы тіккен бағалы сыйлықтың иегері 311 Б тобының студенті Шарбақов Дінмұхаммед болды. Кафедра жетекшісі әрі алғашқы ток шоудың спикері атынан оған танометр сыйға берілді. Жаңа форматтағы алғашқы ток-шоу 11 наурыз күні университеттің 65 жылдық мерейтойы шеңберінде өткізілді.