Қызылордада медициналық университет филиалы ашылды

28.04.2022 жылы Қызылорда медициналық жоғары колледжінде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің интернатура және резидентура филиалы ашылды.

 Айта кетейік, бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес жүзеге асып отыр. Филиалдың ашылу салтанатын облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова қатысып, сөз сөйледі.

Оның айтуынша, аймағымызда аталған университет филалын ашудағы мақсат – жергілікті мамандардың кәсіби деңгейін арттыру, білім беруді тереңдету, емдеу-алдын алу мекемелерінде жұмыс істеу үшін білікті маман дайындау кезінде қолайлы жағдай жасау. Сондай-ақ, бұл біздің облыста кадр тапшылығы мәселесін азайтуға септігін тигізетін болады.

Шараға «М. Оспанов атындағы БҚМУ» КЕАҚ директорлар кеңесінің төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев, Басқарма төрайымы, университет ректоры міндетін атқарушы, медицина ғылымдарының докторы Эльнара Исмагулова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов және аймақтағы медицина ұйымдардың басшылары, медициналық жоғары колледжінің ұжымы, филиалда білім алуға ынталы дәрігер-резиденттер мен олардың тәлімгерлері қатысты.

«Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда қаласындағы филиалының ашылу лентасын облыс әкімінің орынбасары Б.Шәменова мен профессор Ж.Досқалиев қиды.

Салтанатты шара барысында қонақтар Қызылорда медициналық жоғары колледжіндегі филиалдың оқу-практикалық базасын аралап, оқу кабинеттерімен және симмуляциялық орталықпен танысты.

 Бүгінде университет филиалында 12 резидент білім алуда. Оның 4-еуі реаниматолог-анестезиолог, 3-еуі инфекционист, 1-еуі офтальмолог, 1-еуі травматолог-ортопед және оториноларинголог, неонатолог резиденттер бар.

Шара соңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Пазыловтың жетекшілігімен басқосу өтті. Жиында басқарма басшысы мен дәрігер-резиденттер білім беру ісінің тиімді ұйымдастырылғаны үшін университет басшылығы мен облыс әкімдігіне алғыс білдірді.

Осылайша, биыл іргетасы қаланғанына 65 жыл толғалы отырған М.Оспанов атындағы оқу орны қанатын кеңге жайып, өрісін кеңейтті. Айта кетейік, бұл сала мамандары үшін үлкен мүмкіндік.