Құрметті әріптестер!
Қадірменді М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы!
Уақыт ұшқыр. Заман – өзгерістерге бейім. Біз өмір сүріп отырған кезеңде ақпараттық технологиялар да, ғылым мен білім де күн санап дамып, өзгеріп жатқанда жаңалықты жатсынбау керек.
Мен өздеріңізбен М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры ретінде қауышқаныма қуаныштымын.
Бүгінге дейінгі еңбек жолымда осы қызметіме керекті тәжірибе жинадым деп ойлаймын.
Денсаулық сақтау саласын дамытуға қандай мамандар керегін, қандай дәрігерлер тапшы екенін, кадр даярлауда неге мән беру қажеттігін практикада көріп, түйткілдермен талай мәрте бетпе-бет келгенім – ендігі уақытта медицина мамандарын даярлайтын мемлекеттік жоғары оқу орнының мәртебесін көтеруге және ең бастысы, бірқатар өңірлердегі дәрігер кадрларының тапшылығын жою мен орнын толтыру үшін аса керек тәжірибе болады деп есептеймін.
Қай салада да істің тетігі – мықты кадрлардың қолында. Білікті мамандар көп болса, алдағы болжалды қауіп-қатерлердің алдын алуға мүмкіндік көп. Білімді, білікті дәрігерлердің аздығы – сала ісін ілгері басқызуға кедергі келтіретінін көрдік. Ендігі міндет – әсіресе, елді мекендердегі медицина мамандарына деген сұранысты өтеу үшін білімі терең, алған білімін емдеу ісінде кең қолдана алатын кадр даярлау. Біз енді осы бағытта жүмыстар жүргізетін боламыз.
Еліміздің батыс аймағының дәрігер кадрларын даярлайтын оқу орнында білім алған студенттер мен оқу-тәжірибесін шыңдаған резиденттер басты байлық – халық денсаулығын арттыруға үлес қосатын болады. Алдағы уақытта өздеріңізбен бірге еліміздің білімді де білікті, сапалы медицина мамандарын даярлау ісінде бірге боламыз деп ойлаймын.
Ізгі ниетпен: М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Әсет Әскерұлы Қалиев.