“Цифрлық денсаулық сақтау мен телемедицинаны дамыту”
Түркістанда ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың төрағалығымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бұл іс-шара ТМД елдері Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Кеңесінің 35-ші мерейтойлық отырысының шеңберінде өтуде. Дөңгелек үстел басында ТМД денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңестің мүшелері, ТМД электрондық денсаулық сақтаудың ұлттық жүйелерін интеграциялау мәселелері жөніндегі жұмыс тобының өкілдері, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерінің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының, Еуразиялық даму банкінің цифрлық бастамалар дирекциясының және ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты.
“Пандемия Қазақстан үшін қоғамдық денсаулыққа байланысты төтенше жағдайларға дайындық және онымен күрес саласындағы процестер мен деректерді цифрландыруға көбірек көңіл бөлуге түрткі болды”, – деп атап өтті А. Ғиният.
ҚР ДСМ-нің Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Фархад Бекболатов дөңгелек үстелге қатысушыларды денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейлерінде пандемиямен күресу үшін белсенді пайдаланылған, Қазақстанда іске асырылған бірнеше цифрлық жобалар туралы хабардар етті.
“Ағымдағы жағдай бізге 2025 жылға дейінгі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау стратегиялық міндеттерінің негізіне айналған денсаулық сақтауды цифрландыруды дамытуда жаңа сын-қатерлер туғызады. Үш стратегиялық басымдық айқындалды – медициналық көмек алу кезінде теңсіздікті төмендету; медициналық көмектің қолжетімділігі мен медициналық көмектің сапасын арттыру”, – деп атап өтті Ф. Бекболатов.
Отырыста ҚР денсаулық сақтау саласындағы мамандардың әлеуетін арттыру жайындағы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Д.Қ. Алдынғұровтың баяндамасы тыңдалды.