Президент сайлауы ұйымшылдықпен өтті

Кеше Қазақстан халқы өз таңдауын жасады. Саяси науқанға үлкен дайындықпен келген Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде орналасқан №56 сайлау учаскесі де өз жұмысын таңғы сағат 5.45 те бастады. Ең алғашқы сайлаушылар сағат 7-де келіп, өз таңдауларын жасады. Қалыптасқан дәстүр бойынша оларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

№56 сайлау учаскесі бойынша тіркелген тұрғындар-сайлаушылар саны-2666. Сайлаушыларға студенттерден құралған көркемөнерпаздар үйімесінің мүшелері өнерлерімен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Азаматтық ұстанымын танытып, өз таңдауын жасау үшін №56 сайлау учаскесіне ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, балалар кардиохирургы Ә.С.Досмағамбетов отбасымен келді. Жергілікті тұрғындар мен әріптестері арасында «алтын скальпель» атанып кеткен Әнуар Сағидоллаұлы да өз таңдауын жасады. М.Оспанов атындағы БҚМУ-нің студенттер де өз таңдауын жасады. Белсенді қатысқан сайлаушылар қатарында осы участокке тіркелген студенттер де көп болды. Олар топтасып келіп дауыс берді. Еліміз үшін маңызды шешімді қабылдауға атсалысқан студенттерден сайлау туралы ойларын сұрап көрдік.

– Алғаш рет дауыс беруге келдім. Бұл мен үшін өте қызық тәжірибе. Өйткені әр сайлау сайын дауыс беруге барғым келетін. Сондай-ақ дәл президент сайлауына қатысу мен үшін де, әрбір отандасым үшін де мәртебе деп ойлаймын. Ал осы жолы елімізді, Қазақстанымызды өркендете алатын үміткерге дауыс бере алғаныма қуаныштымын, – дейді жалпы медицина факультетінің 203 «Б» тобының студенті Мейрамғали тілек.

Өз жұмысын таңғы сағат 5.45 те бастаған бақылаушылар Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде орналасқан №56 сайлау учаскесінде тынымсыз жұмыс істеді. Мұнда «Аманат» париясы, Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығы, Ақтөбе медиаторлар кеңесі қоғамдық бірлестігі, партиялық емес «Байқай» орталығы, ” Жастар үні” республикалық қоғамдық бірлестігі, “Сенім -Тірек” қоғамдық бірлестігі және «Миск» Қазақстан Жастар ақпарат қызметінен белгіленген өкілдер бақылаушылық етуде.

Сайлауда №56 учаскеде тіркелген алайда денсаулық жағдайына байланысты сайлау аумақтарына келе алмаған тұрғындарға үй жағдайында таңдау жасауына мүмкіндік жасалды. Осындай жағдайда бірнеше зейнеткер дауыс беру мүмкіндігін пайдаланды. Олардың дауысын алу мақсатында үйіне барғандардың қатарында бақылаушылар да болды. Сайлауға жауапты ұйымдастырушылар зейнеткерлерге шағын сый-сияпат тарту етті. Осылайша №56 сайлау учаскесі бойынша дауыс беру қалыпты әрі ұйымшылдықпен өтті.