Шеберлік сыныбы өтті
Мақсаты- инсулиндік терапияның инновациялық заманауи тәсілдерін тәжірибеге енгізу. Бұған себеп – Ақтөбе облысында балалар арасындағы 1- типтегі қант диабетінің көбеюі. Ал, бұл дерттің бірден-бір емі-инсулиндік терапия.
Сондықтан да «Клиникалық тәжірибеде инсулиндік помпаны және глюкоза деңгейін үздіксіз бақылау әдістерін қолдану» атты шеберлік сыныбын М.Оспанов атындағы БҚМУ-нің №1 Ішкі аурулар кафедрасы және Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы бірігіп ұйымдастырды.
Шеберлік сыныбында Түрік елінен келген (Стамбул) дәріскер Emre Kisa 1- типтегі қант диабетін емдеуде қолданылатын, АҚШ-та құрастырылған MMT-780G моделіндегі помпалық жүйенің және глюкоза деңгейін үздіксіз бақылайтын CGM Guardian connect құрылғысының жұмысымен таныстырды. Қазақстанның медициналық нарығына 2023 жылы шығатын бұл жоғары технологиялық құрылғы Ақтөбе қаласында тұңғыш рет таныстырылды. Бұл – балаларға ине шаншудан «құтқаратын» құрылғы, яғни, инсулиндік емді тері астына үздіксіз енгізіп отыратын арнайы помпа және қандағы глюкоза деңгейін тұрақты түрде бақылап отыратын құрылғы.
Шеберлік сыныптың мақсаты- осы заманауи емдік терапияны клиникалық тәжірибеде қолдану үшін кеңінен насихаттау. Сол үшін бұл таныстырылымға облыстағы эндокринолог және жалпы тәжірибелік дәрігерлер шақырылды. Шеберік сыныбын университеттің клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры Н.М.Мусин ашты.
Жиналғандарға №1 Ішкі аурулар кафедрасының профессоры, эндокринолог Х.И.Құдабаева «Қазіргі таңдағы және болашақта қант диабетін емдеу әдістерінің түрлері» тақырыбында дәріс өткізді.
Ал, негізгі бөлімде Ақтөбе облысының бас балалар эндокринологы, №1 Ішкі аурулар кафедрасының ассистенті, отбасылық медицина клиникасының эндокринолог маманы М.Ж.Қалжанова дәрігерлерге помпалық инсулиндік терапияның ерекшеліктерін түсіндіріп және оны тәжірибе жүзінде қолдануды үйретті.